1904 жылы алғашқы футбол матчы Оралда өткен
«Қазақ футболындағы алғашқы матч Оралда өткен, сондықтан футбол отаны да осы қала». Бұл туралы тараздық спорт журналисі Ермұрат Сәрсенбай «Бірінші гол» Youtube арнасындағы «ЖБ шоу» бағдарламасында айтты.
«Қазақ футболының бастау алғаны жері Семей емес – Орал. Мұхтар Әуезов «Ярыш» клубын құрды, сонда ойнады. Семей – қазақ футболының отаны деп айтудың өз себептері бар. Саяси жайттар бар дегендей. 1904 жылы алғашқы футбол матчы Оралда өткен, себебі Ресейге жақын. Таразға футбол 1921 жылы келді», - дейді журналист.
«Ярыш» – 1913 жылы Семей қаласында құрылған футбол клубы. Қазақстандағы алғашқы футбол командасы саналады.
Команда 1913 жылы жасөспірімдер тобының бастамасымен құрылды. Олар Юнус Нығматуллиннің жетекшілігімен бірігіп, ол клубтың алғашқы капитаны әрі бас бапкері болды. Нығматуллин Семейдегі екі қабатты дүкені мен баспаханасы бар ауқатты көпестің баласы еді.
Жас спортшылардың идеясын қолдаған әкесі Сыдық Нығматуллин клубты қамқорлығына алды. Оның баспаханасында «Ярыш» командасын қолдауға шақыратын үнпарақтар басылып таратылды. Ал команданың формасын тігінші Гафа Баязитова әзірледі.
Клуб сапындағы ең танымал ойыншы Мұхтар Әуезов болды.