Ерлан Қожағапанов соттан өзін ақтауды сұрап, аппеляцияға өтініш берген еді
Астана қаласының апелляциялық соты Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті, мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановқа қатысты үкімді күшінде қалдырды.
20 тамызда болған сот отырысында Қожағапанов қылмыстық іс материалында ұсынылған айғақтардың жиынтығы оның кінәсін растамайтынын, ал әрекеті сол кезде атқарған қызметіне сәйкес болғанын және өкілеттігінен аспағанын айтқан.
Апелляциялық алқадан 2025 жылғы 19 мамырда Астана қаласының ауданаралық қылмыстық соты шығарған маған және Ләззат Көккөзоваға қатысты заңсыз үкімді жоюды және біздің әрекетімізде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығаруды сұраймын, — деген еді бұрынғы вице-министр.
Қожағапанов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру келісімшарты кезінде жеке компанияның мүддесін қолдады деп танылған. Тергеу деректеріне сүйенсек, іс-шараны өткізу шығындары негізсіз екі есе артқан.
Сонымен қатар, SUCCESS K компаниясының басшысы Ләззат Көккөзова да алаяқтық деректері үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімі бойынша ол бес жылға сотталды, сондай-ақ Туризм және спорт министрінің пайдасына миллиард теңге өндірілетін болды.
Бұл іс бойынша сот отырысы 5 мамырда өтті. Мемлекеттік айыптау тарапынан прокурор Арман Кізікен Ерлан Қожағапановқа жеті жыл жаза тағайындауды, сондай-ақ оны ІІ дәрежелі «Айбын» орденінен және «кеден қызметінің полковнигі» атағынан айыруды сұраған болатын. Ал Көккөзоваға сегіз жыл колония, мүлкін тәркілеу және коммерциялық ұйымдарда жеті жылға дейін басшылық қызмет атқару құқығынан айыру ұсынылды.