Бүгін Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубын жекешелендіру туралы айтқан еді. Қазіргі кезде отандық футбол клубтарына инвестиция салатын кәсіпкерлердің алғашқы легі белгілі бола бастады.
Блогер Ербол Еділовтің жазуынша, «Шахтёр» футбол клубы – Тимур Турловқа, «Жеңіс» футбол клубы – Михаил Ломтадзеге,«Қызыл-Жар» футбол клубы – Сергей Канға беріледі.
Сонымен қатар, төртінші клуб «Қайсар» - қызылордалық жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали Қозбақовқа сеніп тапсырылмақ. Ол келісімшарт аясында заманауи футбол академиясын салуға шамамен 12 млрд теңге инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгін жолдауда Тоқаев футбол клубтарын жекешелендіруді тездетуді тапсырды.
«Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.