Олар 6500 шақырымды артқа тастап, Алматыға жиналады
Алматыға «Реал Мадридтің» мыңнан аса жанкүйері келмек. Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының базасында өткен ерекше кездесуде белгілі болды.
Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес клуб инфрақұрылымымен танысып, Алматыдағы базаны жоғары бағалады. Оның айтуынша, «Қайраттың» спорттық нысандары Еуропаның жетекші клубтарымен тең деңгейде.
Кездесу барысында басты тақырып — «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы алдағы ойынды ұйымдастыру мәселелері болды. Елшінің сөзінше, өз командасын қолдау үшін Испаниядан мыңнан аса жанкүйер Алматыға арнайы келеді. Олар 6500 шақырымнан астам жолды еңсеріп, сүйікті клубтарын жанкүйерлікпен қолдайды.
Сонымен қатар, Испания Елшілігі қонақтарға консулдық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында «Қайрат» ФК бас директоры Асқар Есімов құрметті қонаққа естелік сый табыс етті. Ал елші Луис Монтес қазақстандық клубқа алдағы ойынға сәттілік тілеп, екі команданың кездесуі тарихи маңызға ие болатынын атап өтті.