Андрей Шевченко Украинада жауапты қызметке тағайындалды

Редактор
26.01.2024, 14:33

Ол ұлттық құрамамен 111 ойын өткізіп, 48 рет гол соққан

Цензор.НЕТ

Белгілі футболшы әрі бапкер Андрей Шевченко Украина футбол қауымдастығының президенті болып сайланды. Украина футбол қауымдастығының мәліметінше, XXVI Конгресте Шевченко жалғыз кандидат ретінде таңдалып, басшылыққа келіп отыр.

Оған қатысушы делегаттардың 91-і дауыс беріп, тек біреуі ғана қалыс қалған.

Андрей Шевченко футболдан Украинаның 5 дүркін, сондай-ақ, Италия біріншілігінің бір мәрте чемпионы. Ол 2003 жылы «Миланның» сапында Еуропа чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. Ал 2004 жылы үздік ойыншы деп танылып, «Алтын допқа» ие болды.

Бапкер ретінде 2016-2021 жылдары Украина ұлттық құрамасының жаттықтырды. Оның шәкірттері 2020 жылғы Еуропа біріншілігіне қатысып, үздік сегіздікке енген.

Сондай-ақ, Шевченко өз мансабында ұлттық құрамамен 111 ойын өткізіп, 48 рет гол соқты.

Материалда: