Шерхан Қалмырза күтпеген жерден негізгі құрамға енді және сенімді ойынымен көзге түсті
Алматылық «Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев жас қақпашы Шерхан Қалмырзаның ойынына жоғары баға берді.
18 жастағы Шерхан Қалмырза соңғы матчтарда негізгі қақпашы ретінде алаңға шығып жүр. Бұған дейінгі негізгі ойыншылар Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алып, қатардан тыс қалған болатын. Осындай жағдайда Шерхан күтпеген жерден негізгі құрамға енді және сенімді ойынымен көзге түсті.
Жас қақпашы «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы лиссабондық «Спортингке» қарсы (1:4) және мадридтік «Реалға» қарсы (0:5) ойындарда қақпаны қорғады.
«Қалмырза, әрине, ерекше мүмкіндік алды. Иә, бұл мүмкіндік негізгі ойыншылардың жарақатына байланысты туғаны өкінішті, бірақ Шерхан өзін өте сенімді ұстап жүр. Біз оның ойынына қуаныштымыз — ол шынымен де жақсы қақпашы. Кейде алаңда ауыр соқтығыстар орын алғанда, еріксіз күліп ойлаймыз: «Тек жарақат болмасын, әйтпесе қақпада 16 жастағы бала қалуы мүмкін ғой», — дейді Боранбаев әзілмен.
Біз жас футболшыларға сенім арта алатынымызды көріп отырмыз. Олардағы ынта мен деңгей қуантады. Әрине, тәжірибе әлі аз, бірақ Шерхан бір жылдан астам уақыт «Қайрат-Жастар» сапында Бірінші лигада ойнады, яғни ересектер футболын сезінді. Әрине, «Селтик» пен «Реал Мадрид» деңгейі мүлде басқа, бірақ ол бұл сынға лайық екенін көрсетті. Ең маңыздысы — командадағы барлық ойыншылар оны қолдап, «Шерханға көмектесеміз, өзімізді де саламыз, тек ол өзіне сенімді болсын» деді», — деді Боранбаев.