Магомед Адиев шәкірттері турнир кестесінің үшінші сатысына көтерілді
Футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңдерінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Финляндиядан басым түсіп, маңызды үш ұпайға ие болды.
Магомед Адиев шәкірттері үшін фин жеріндегі ойын 90 минут бойы аса тартысты өтті. Алғашқы таймда алаң иелері бір голмен алға шыққан болатын. Жартылай қорғаушы Роберт Тэйлор айып добынан көтерілген пасты қақпаға 28 минутта сәтті тоғытты. Осылайша алғашқы тайм Финляндияның басымдығымен аяқталды.
Екінші тайм екі жақ үшін қорғанысы мығым шабуылдармен жалғасты. Дегенмен, жерлестеріміз бірнеше рет оңтайлы сәтті мүлт жіберді. Ара-тұра фин ойыншылары да біздің құрамаға қауіпті сәттер тудырды.
VAR жүйесінің көмегімен Қазақстан футболшылары пенальти тебуге мүмкіндік алып, 77 минутта 11 метрлік айып добын Бақтиер Зайнутдинов сәтті орындады. Арада он минут өткенде ол Рамазан Оразовтың пасын баспен қақпаға дәл бағыттап, дубль авторы атанды. Төреші қосымша уақытқа 5 минут қосқанымен отандастарымыз жеңісті уыстан шығарған жоқ.
Еуропа чемпионатына іріктеуі барысында 8 ойында 12 гол соққан Қазақстан құрамасы 15 ұпай жинады.