Дастан Сәтпаев әлемнің үздік жас шабуылшылары рейтингінде көш бастады
«Қайрат» футбол клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2025 жылы 16 гол соғып, әлемнің ең нәтижелі жас ойыншысы атанды. Бұл туралы Sports24.kz жазды.
Бұл көрсеткіш – 19 жасқа дейінгі футболшылар арасында әлемнің 20 жетекші лигасының ішіндегі ең жоғары нәтиже.
Қазақ футболының жас жұлдызы осылайша «Барселонаның» жарқырап келе жатқан таланты Ламин Ямалды да басып озды – испандық вингер биыл 14 гол соққан. Сол санды бразилиялық «Васко да Гама» клубының ойыншысы Райан қайталады. Ал «Челсидің» жас вингері Эстеван бір допқа кем – 13 голмен төртінші орында тұр. Қалған жас ойыншылардың көрсеткіші 10 голдан аспаған.
Айта кетсек, бұған дейін де Дастан Сәтпаев әлемнің ең дарынды жас футболшыларының тізіміне енген болатын. Алдағы жазда ол ағылшынның әйгілі «Челси» клубына ауысуы жоспарланып отыр.