Халықтың маңдай термен тауып берген ақшасын ақтамадыңдар – Қуат Хамитов футболшыларды сынады

Редактор
18.10.2023, 13:39

MMA шебері футболға мемлекеттен ақша бөлуді тоқтату керек деп санайды

коллаж

Аралас жекпе-жектен қазақстандық балуан Қуат «Найман» Хамитов футболдан ұлттық құраманың кешегі жеңісіне қатысты сыни пікір білдірді.

Ел футболшылары 17 қазанда Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Финляндия құрамасымен сырт алаңда кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

«Жігіттер, сендерді үш күн бұрын-ақ айырып тастаған. Енді не істесеңдер де, кімді ұтсаңдар да, ауыр еңбегімен тапқан ақшасын сендерге берген адамдардың үмітін ақтай алмайсыңдар. Сендерге қарапайым халықтың миллиардтаған ақшасы кетті.

Бірақ, сендерде әлі мүмкіндік бар, Әлем чемпионы немесе Еуропа чемпионы болыңдар, сонда ғана сендерді халық құрметтейді, мен де «әңгіме жоқ» деп бас ием.

Ал, қазір мен үшін сендердің футбол жай ғана бос орын, еш мәні жоқ. Осымен әңгіме тәмам», - деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.

Айта кету керек, Қуат Хамитов бұған дейін де Қазақстан ұлттық құрамасын қатаң сынап келген. Ол мемлекеттен футболға ақша бөлуді тоқтату қажет деп санайды.