Ойынның 22-минутында 44 жастағы маманның жағдайы күрт нашарлаған
Сербияның Суперлига чемпионатының 14-туры аясында өткен «Раднички К» мен «Младост Л» командалары арасындағы ойында қайғылы жағдай болды – «Раднички К» командасының бас бапкері Младен Жижович матч кезінде көз жұмды.
Telegraf басылымының дерегінше, ойынның 22-минутында 44 жастағы маманның жағдайы күрт нашарлап, ол қосалқы құрам отыратын орындықтың жанында есінен танып құлаған. Матч бірден тоқтатылып, жедел жәрдем тобы дереу алғашқы көмек көрсетіп, бапкерді ауруханаға жеткізген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Әзірге өлімнің нақты себебі анықталған жоқ.
Ойын қайта жалғасқан соң араға 20 минут салып төреші матчты тағы да тоқтатуға мәжбүр болды, себебі футболшыларға бапкердің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетті.
Сербия футбол одағы Жижовичтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Младен Жижович 1980 жылы 27 желтоқсанда дүниеге келген. Футболшы ретінде ол Босния, Албания және Сербия клубтарында ойнаған, сондай-ақ Босния және Герцеговина құрамасының сапында өнер көрсеткен.
«Раднички К» клубының тізгінін ол небәрі 23 қазанда ұстаған, ал бұл оның Суперлигадағы бас бапкер ретінде өткізген үшінші матчы болатын.