Қазір клуб жаңа бас бапкерді іздеуге кіріскен
Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы маусым аяқталғанда бас бапкерсіз қалды. Белгілі футбол маманы Қайрат Нұрдәулетовт келесі маусымда команданы жаттықтырмайтын болды.
Нұрдәулетовтің басшылығымен «Оқжетпес» чемпионаттың екінші айналымында 12 матчта 14 ұпай ғана жинаған. Қазір клуб жаңа бас бапкерді іздеуге кіріскені мәлім болды.
Маусымның соңғы ойынында Қайрат Нұрдәулетов жанкүйердің «клубтан кетіңіз» деген сөзіне дөрекі жауап қайтарып, кикілжің туындаған еді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бапкер мен жанкүйер арасындағы диалог қызу өрбігені анық байқалды.
Бұл оқиғадан кейін бапкердің клубтан кететіні ресми түрде расталды. Ал Нұрдәулетовтің жаңа маусымда қайда жұмыс істейтіні белгісіз.
Қайрат Нұрдәулетов - футболдан Қазақстан құрамасының экс-капитаны (2012–2013). Ол үш дүркін Қазақстан чемпионы (2003, 2004, 2014) және үш мәрте Қазақстан кубогының иегері атанған.
Футболшы ретінде үлкен спорттан кеткен соң 2017 жылы бапкер ретінде жұмысын бастады. «Астана» клубының және ұлттық құраманың бапкерлер штабында, кейін «Мақтаарал», «Жетісу» және «Ертіс» клубтарын жаттықтырды. «Ертіс» клубынан да 2025 жылдың басында дау-дамай туындаған соң орнынан кетуіне тура келген.