«Барыс» 2026 жылы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Редактор
17.01.2026, 19:48

Клуб сәтсін сериясын үзді.

«Барыс» ХК

Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астананың «Барысы» өз айдынында Мәскеудің ЦСКА клубын қабылдады.

Матч алдында қазақстандық ұжым Шығыс конференциясында 10-орында тұрса, ресейлік команда Батыс конференциясында алтыншы сатыда орналасқан еді.

«Барыс» командасының бас бапкері Михаил Кравец ойынға мына құрамды шығарды: қақпада – Шил (Бояркин); қорғаныста – Масси – Уолш, ал шабуыл шебінде – Уиллман – Морелли – Веккьоне үштігі; Маккошен – Данияр, Симонов – Томпсон – Логвин; Бекетаев – Бреус, Галимов – Өмірбеков – Қайыржан; Мухаметов, Әсетов – Шайхмедденов – Панюков.

Кездесудің алғашқы кезеңінде айдын иелері басымдық танытып, Тайс Томпсонның дәл соққысының арқасында есеп ашты. Екінші кезеңде есеп өзгеріссіз қалды. Барлық мәселе үшінші жиырма минуттықта шешілді.

Қорытынды кезеңде Майкл Веккьоне сан басымдығын сәтті пайдаланып, «Барыстың» артықшылығын еселей түсті. Араға аз уақыт салып, мәскеуліктер есеп айырмасын қысқартқанымен, кездесудің соңғы минутында Веккьоне бос қақпаға шайба соғып, матч нүктесін қойды – 3:1.

Осылайша, «Барыс» қатарынан бес жеңілістен соң өз жанкүйерлері алдында маңызды жеңіске қол жеткізді. Дегенмен оныншы орында келеді.

Айта кетейік, астаналық клуб келесі ойынын 20 қаңтар күні қонақта Тольяттидің «Лада» командасына қарсы өткізеді.

«Барыс» (Астана, Қазақстан) – ЦСКА (Мәскеу, Ресей) – 3:1 (1:0, 0:0, 2:1)

Шайбалар:

1:0 – 13:00 Томпсон (Морелли)

2:0 – 53:24 Веккьоне (Уолш, Морелли),

2:1 – 56:37 Соркин (Полтапов, Карнаухов)

3:1 – 59:23 Веккьоне (Шил)

Реклама
Реклама

Материалда: