«Барыс» басшылары командаға жаңа бапкер іздеп жатыр

Редактор
05.03.2024, 12:54

Маманды шетелден алдыруға көп көңіл бөлінеді

Барыс ХК

Астаналық «Барыс» хоккей клубының бас директоры Борис Иванищев «Чемпионат» сайтына берген сұхбатында клубқа жаңа бапкер іздеп жатқанын айтты. Команда ҚХЛ-дің жаңа маусымына дайындықты қазірден бастап кеткен.

Соңғы ойындарда «Барыстың» бас бапкері болған Олег Болякин қазір клубтың бас менеджері қызметін жалғастырып жатыр. Десе де, шетелден білікті маман тарту мәселесі басшылықтың күн тәртібінен түскен емес.

«Қазір біз бас бапкер іздеп жатырмыз. Әзірге барлық кандидатураны зерттеп қарап шығамыз, сосын шешім қабылдаймыз», - деді Иванищев.

Оның пікірінше, «Барыс» пен Қазақстан құрамасының бапкері бір адам боулы керек. Өйткені, ұлттық құрамадағы ойыншылардың басым бөлігі «Барыстан» алынады. Сондықтан, бапкерге де жұмыс істеу оңайырақ деген пікірін айтты клуб директоры.

Ол сондай-ақ, «Барысқа» Ресейден бапкер алдыруға тыйым салынған деген сөздің бос қауесет екенін мәлімдеді.