Жолдары шұрық-тесік елде жоғары спорт туралы қалай айтуға болады – «Барыстың» экс-ойыншысы

Редактор
19.04.2024, 17:04

Ол легионерлердің ең мықтысын ғана алдырту керек деген ұсынысын айтты

olympic.kz

«Барыс» хоккей клубының бұрынғы хоккейшісі Мадияр Ыбрайбеков SPORT+ YouTube-каналына берген сұхбатында Қазақстандағы спорттың дамуына және елдегі бүгінгі жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Бәрін түбегейлі өзгерту керек. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді. Бұл жерде болашақ туралы ойлау керек, клуб алдына ауқымды мақсаттар қойылуы қажет. Егер өзіміздің балалар ойнағанын қаласақ, жастарымызға үміт артамыз десек, онда нәтижені қазір талап етудің қажеті жоқ. Нәтиже бүгін болсын десе, онда деңгейі шынымен жоғары легионерлерді шақырсын. Әйтпесе легионерлерді толтырып әкеледі, бірақ көрсеткіш өзгермейді. Мұның өзі үлкен өзгерістер қажет екенін аңғартса керек. 

Басшылықта, көзқараста, мақсатта өзгерістер керек. Қазақстандық хоккейден нені қалаймыз, қайда бара жатырмыз, көздегеніміз не? Міне, алдымен осыларды түсініп алу керек. Әйтпесе жылда қайталанатын былықтың соңына жете алмайсың. Жыл сайын судың астында қалатын, сапалы жолы жоқ, өзге де әлеуметтік проблемалары толып жатқан, халқы жыл өткен сайын кедейлене түсетін елде жоғары дәрежедегі спорт туралы қалай айтасың?! 

Бірақ легионерлер келеді де миллиондаған долларлап ақша алып кетеді. Бюджет қаржысын бірнеше есе қысқартсын, жастарға ойнауға мүмкіндік берсін. Өзіміздің балалар ойнасын! Жергілікті бапкерлердің айлығын көтеріңіздер, барлық қалада бірнеше мұзайдын салыңыздар», – деді Ыбрайбеков.

Еске салайық, Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» ХК биыл турнир кестесінің ең соңғы сатысына жайғасып, жеңілістер сериясы бойынша антирекорд орнатты.