Хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан Польшаны жеңіп, элиталық дивизионда қалды

Редактор
21.05.2024, 02:02

Біздің құрама 7 ойында 6 ұпай жинады

icehockey.kz

Әлем чемпионатында қатарынан бес матчта жеңілген Қазақстан хоккейшілері Польшаны ұтып, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды.

Чехияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан мен Польша B тобының аутсайдерлері саналған. Десе де, Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері бірінші ойында Францияны ұтып (3:1), маңызды үш ұпайға қол жеткізі. Ал, бүгінгі жеңіс Қазақстанға соңғы орын алмауға кепілдік беріп отыр. 

Бұл жолы да біздің ұлттық құрама қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Есепті бірінші болып 10-минутта поляктар ашқан. Алайда, 13-минутта Никита Михайлис дәл соққысымен есепті теңестіре алды. Екінші кезеңде командалар гол соға алмағанымен, үшіншіде Мәмбетәлиев шәкірттері екі рет қарсылас қақпасын дәл көздеді. Гол авторлары: Валерий Орехов пен Роман Старченко.

Енді Қазақстан келесі жылы да дәл осы дивизионда өнер көрсетеді. Ал, Польша болса төменгі деңгейде ойнайтын командаларға барады.