Қазақ бапкері келгелі «Барыс» қатарынан екі ойында жеңіске жетті

Редактор
23.10.2024, 21:58

Бұған дейін клубты ресейлік мамандар жаттықтырып келді

Барыс ХК

ҚХЛ-дің жаңа маусымы басталғалы сүреңсіз ойнап, жеңілістен көз ашпаған «Барыс» ХК бапкері мен директорын ауыстырғаннан кейін есін жия бастағандай. Соңғы екі матчта астаналық клуб жеңіске жетті.

Еске салайық, қазан айында «Барысқа» бас директор болып – Нұрлан Оразбаев, бас бапкер болып Ғалым Мәмбетәлиев тағайындалды. Сондай-ақ, клубтан шетелдік және ресейлік бірнеше легионер шеттетілді.

Бүгін «Барыс» сырт айдында Новосібір қаласының «Сибирь» клубымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Ғалым Мәмбеталиев айдынға мына құрамды шығарды: Бояркин (Маттссон) — Бекетаев-Данияр, Жафяров-Николишин-Бурдасов; Камалов-Хохлов, Панюков-Өмірбеков-Әсетов; Гайтамиров-Бутенко, Бочаров-Бойко-Сетдиков; Королев-Оразов, Муратов-Логвин-Рахманов.

Бірінші кезеңде Әділ Бекетаев астаналықтарды алға шығарса, екінші кезеңде ресейліктер таразы басын теңестірген. Сондықтан барлығы үшінші кезеңде шешілетін еді. Астаналықтар сапынан бұл жолы Антон Бурдасов мергендік танытса, ойынның нүктесін Иван Николишин қойды — 3:1. 

Осылайша, елордалықтар қатарынан екінші матчта жеңіске жетіп, кішігірім сенсация жасап отыр. Мәмбеталиев тізгінді алғалы команда ойыны шынымен жүре бастағандай. Енді осы қарқыннан таймаса аутсайдерлер қатарынан кетуге мүмкіндік бар.

Енді 29 қазанда «Барыс» өз айдынында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубын қабылдайды.