Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізді

Редактор
12.12.2023, 00:11

Ұлттық құрама еншісінде 6 ұпай бар

instagram.com/kazakhstanhockey/

Венгрияда өтіп жатқан хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Сергей Старыгин шәкірттері бұл жол Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Бірінші кезеңде дат хоккейшілері сапынан Оскар Мельгард есепті ашып, командасын алға сүйреген. Екінші кезең соғылған шайбасыз өтті. Ал, ойынның үшінші бөлігінде қос команда төрт гол соғып, жанкүйерлердің айызын қандырды.

Алдымен Бейбарыс Оразов есепті теңестірсе, небәрі екі минуттан кейін Альберт Шиольдан Данияны тағы алға шығарды. Ал, 49 минутта Кирилл Ляпунов есепті теңестіріп, 57 минутта Руслан Оспанов Қазақстанға жеңіс сыйлады.

Еске салайық, әлем чемпионатындағы бірінші матчта Қазақстан жастары алаң иелері Венгрияны 5:2 есебімен ұтып, A тобында көш бастаған болатын.