«Барыста» қазақстандық хоккейшілер ғана ойнайды - Спорт министрлігі

Редактор
29.10.2024, 17:07

Спорт министрлігі «Барыстың» жаңа бас бапкері Ғалым Мәмбеталиевке талап қойған

"Барыс" ХК

Астананың «Барыс» клубында тек қазақстандық хоккейшілер қалады. Өзіміздің ойыншылар командадағы басты рольді алып, нәтиже үшін де жауапты болады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі «Курсив» басылымына берген жауабында айтқан. Жуық арада клуб барлық солтүстік американдық легионерлермен қош айтыспақ.

Спорт министрлігі «Барыстың» жаңа бас бапкері Ғалым Мәмбеталиевтің алдына қазақстандық хоккейшілерді жаңа деңгейге көтеру деген талап қойып отыр. Сондықтан клуб шетелдік ойыншылармен келісімшартты бұза бастады.

«Алдағы маусымдарда қазақстандық ойыншылар командада басты рольге ие болады, тиісінше матчтардың шешуші сәттеріне жиі қатысып, жалпы нәтиже үшін де жауапкершілік соларға жүктеледі. Басты бағыт – командада қазақстандық ойыншыларды ғана айдынға шығару. Дегенмен бұл процесс бірден жүзеге асырыла қоймайды, тіпті оған бірнеше маусым қажет болуы мүмкін», - делінген ведомствоның жауабында.

Қазіргі уақытта клуб ресми түрде жеті ойыншымен келісімшартты тоқтатты. Олардың қатарында канадалықтар Майкл Маклауд, Натан Больё, Алекс Грант, американдықтар Уилл Бутчер, Чейс ДеЛео, ресейлік Даниил Апальков пен Беларусь азаматы Владислав Кодола бар.

«Қажетті процедуралардың бәрі аяқталған соң басқа солтүстік американдық легионерлер де «Барыстан» кетеді. Олардың орнын Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жүрген «Номад» фарм-клубының ойыншылары басады», – деп жауап қатқан министрлік.

Министрлік шетелдік легионерлерге лимит енгізу жайлы сұраққа нақты жауап бермеген. Алайда Мәжілісте Қазақстан азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу туралы заң жобасы қарастырылып жатқаны айтылған.

Материалда: