Қысқы Азия ойындары: Қазақстан хоккей құрамасы алғашқы матчын Таиландпен өткізеді

Редактор
30.01.2025, 11:39

Ұлттық құрама 6 ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерімен кездеседі

Қазақстан хоккей федерациясы

Қазақстанның шайбалы хоккейден ерлер құрамасы Қысқы Азия ойындары аясындағы алғашқы кездесуіне соңғы дайындықты бастады. Сары құрлықтың қысқы ойындары 7 ақпанда басталатынына қарамастан біздің хоккейшілер 4 ақпан күні алғашқы ойынын өткізетін болды.

Бұл сында бірінші қарсылас – Таиланд құрамасы болмақ. Сондай-ақ, ұлттық құрама 6 ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерімен, ал 8 ақпанда Қытаймен кездеседі.

Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарында 34 мемлекет спорттың 11 түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Оның ішінде конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, ски-альпинизм және хоккей спорт түрлері бар. Бұл ретте еліміздің атлеттері 10 спорт түрі бойынша 51 медаль жиынтығы үшін сынға түседі. Қазақстан ұлттық құрамадасының сапына 137 спортшы енген.

Сондай-ақ, Харбиндегі Азия ойындарында Қазақстанның Туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шығады.