Астаналық команда биылғы маусымда екі рет бапкер ауыстырды
Бүгін Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры аясында астаналық «Барыс» өз айдынында Омбының «Авангардын» қабылдайды. «Шығыс» конференциясының аутсайдері саналатын қазақстандық команда бұл жолы да жеңіледі деп болжады ресейлік livesport.ru порталы.
43 ойында небәрі 33 ұпай жинаған «Барыстың» ахуалы қазір расымен де аянышты. Ол өз тобында ең соңғы 12-орында келеді. «Авангардпен» сырт айдында болған матчта біздің хоккейшілер 1:5 есебімен жеңілген.
«Қазіргі таңда «Барыс» Шығыс конференциясында жолы болмаған команда. Үздік сегіздікке енуге мүмкіндігі жоқ деп айтуға болады», - деп жазылған аталған материалда.
Яғни, бүгінгі ойында астаналық клубтың жеңуге ешқандай мүмкіндігі жоқ деп санайды ресейлік спорт басылымы.
«Қазақтар мұндай ойынға әлі дайын емес. «Авангард» та үзілістен кейін сылбыр ойнап жүр. Бірақ, бүгінгі матчта жеңіске жететіні анық», - дейді ресейлік спорт сарапшылары.