Келесі кездесуді отандастарымыз Беларусь құрамасына қарсы өткізеді
Астанада хоккейден халықаралық Qazaqstan Hockey Open-2025 турнирінің алғашқы кездесуі өтті.
Қазақстан командасы өз мұз айдынында Ресейдің жастар құрамасынан (U-25) оңбай ұтылды, есеп – 1:4. Қонақтардың төрт голына ұлттық құрама сапынан Әлихан Әсетов қана бір шайбамен жауап қатты.
Бас бапкер Олег Болякин мұндай сәтсіз нәтижеге жекелей қателіктер себеп деп отыр.
«Жігіттер шабуылда тәп-тәуір өнер көрсетеді, меніңше, бір голдан артық соғуымыз керек еді. Гол соғатын көптеген сәт болды, соларды жүзеге асыру керек еді. Статистика бойынша біз 32 соққы жасасақ, қарсылас 16 соққы жасаған. Біздің жеңілісіміз – жекелеген қателіктеріміздің салдары. Дәл сол жекелей қателіктер қарсыласқа гол соғуға мүмкіндік берді.
Әлі көп жүмыс істеу керек. Шабуыл ен қорғаныста қандай қателіктермен жұмыс істеу керектігін білдік. Қорғаушылардың әрекеті түсініксіздеу болды, бастапқыда тым жұмсақ ойнады. Бірақ құрам енді жинақталды. Олар жан-жақтан келді, жарақат алғандар бар. Шыңдала түсу керек. Уақыт бар, бірақ аз. Қай бағытта жұмыс істеу керектігін білеміз. Ұнжырғамызды түсірмейміз. Үшінші кезеңде біз басым болдық, мұның өзі жақсы», - деді ол.
Олег Болякиннің командасы келесі кездесуін Беларусь құрамасымен шеберлік байқасады.