Бірнеше спортшы полицияға шағым түсірген
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Құлагер» хоккей клубының жетекшісі Сергей Филь із-түзсіз жоғалып, оған қатысты алаяқтық деректері анықталды. Бірнеше спортшы полицияға шағым түсірген. Бұл туралы Kazinform тілшісі жазды.
Клубтың бас директоры Игорь Шерстовтың айтуынша, Сергей Филь өткен жылдың желтоқсанында қызметке қабылданған. Ол команданың жарысқа шығуы мен жаттығу кестесін ұйымдастыруға жауапты болған.
«24 қыркүйектен бастап жұмысқа келмей қойды. Біз іздестіру жұмыстарын бастаған кезде оның атына алаяқтық фактілері тіркелді. Мен оның ақша алып немесе беріп жүргенін көрмедім. Бәрін тергеу көрсетеді», — деді Шерстов.
Оның сөзінше, Филь клубқа ресми түрде жұмысқа орналасқан және барлық құжаттар заңды рәсімделген.
«Егер құқық қорғау органдары тарапынан қандай да бір күмән болса, бұл мәселе бұрын көтерілер еді. Оның аты-жөні мен суреті Федерация мен клубтың ресми сайттарында ашық тұрды», — дейді ол.
Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, хоккейшілердің шағымынан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Қалалық полицияға ‘Құлагер’ командасының бірнеше ойыншысы жүгінді. 45 жастағы Астана тұрғынына қатысты екі және одан да көп адамды алдады деген күдікпен іс қозғалды. Қазір оның жүрген жері анықталып, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді қалалық полицияның тергеу бөлімінің бастығы Азамат Бектұрғанов.
Полиция өкілдері тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтерді жария етпеді. Алдын ала деректерге сәйкес, Сергей Филь кей азаматтарға «ақылы негізде қазақстандық құжаттарды рәсімдеп беремін» деп уәде еткен. Бұл іс ол жоғалып кеткеннен кейін ғана әшкереленген.
Қазіргі таңда Сергей Фильді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. «Құлагер» клубы — Солтүстік Қазақстан облысының басты хоккей командасы, ол ұлттық біріншілікте өнер көрсетеді.