Қалыпқа келу мерзімі ұзаққа созылу мүмкін екенін жоққа шығармады.
DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Мәскеуде өткен ACBJJ20 турнирінде қазақстандық спортшы Дамир Исмағұловтың ауыр жарақатына байланысты пікір айтты.
Бапкердің айтуынша, ол Дамирмен байланысқа шығып, оған тезірек сауығып кетуін тілеген.
«Дамирдің өнерін мұқият қарадым. Тізе буыны немесе айқас байламдары жарақаттанған секілді көрінді. Бұл өте ауыр жарақат. Құдай сақтасын, айқас байламдары үзілсе, онда операция жасату керек болады және содан кейінгі қалыпқа келу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін», - деді Базров.
Сонымен қатар ол жарақаттың сипатына қарай оңалту уақыты да айтарлықтай өзгеретінін атап өтті.
«Егер бұл сынық немесе жарық болса, онда қалпына келу әлдеқайда жылдам – үш-төрт ай жеткілікті. Ашық сынық байқалмады, сондықтан тізе буынына қатысты жарақат шығар деген ойдамын. Дамирге шын жүректен сауығып кетуін тілеймін. Бұл – спорт, мұндай жағдайлар болып тұрады», – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, Дамир Исмағұлов ACBJJ20 турнирінде 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бразилиялық Глейсон Тибаумен төбелес кезінде ауыр жарақат алып, жекпе-жек тоқтатылды. Оны татамиден зембілмен алып кетті.
Айта кетейік, Эдуард Базров – UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың да жаттықтырушысы.