Жарнама
Жарнама

Шавкат Рахмоновқа титулға таласу үшін алдымен тағы бір жеңіс керек – Ислам Махачев

Редактор
Бүгін, 16:21

Ол спортшының октагонға шықпағанына ұзақ уақыт болғанын еске салды. 

©UFC

UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. «Ушатайка» арнасына берген сұхбатында дағыстандық спортшы Рахмоновтың ұзақ үзілістен кейін бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуы екіталай екенін меңзеді.

Махачевтің айтуынша, Шавкат титулдық айқасқа шығу үшін алдымен октагонда өзін қайта дәлелдеуі қажет.

«Егер Шавкат қайтып келсе, оған бірден белбеуге таласуға мүмкіндік береді деп ойламаймын. Әрине, титулдық айқасқа шығарса да қарсы емеспін. Бірақ оның октагонға шықпағанына бір жылдан асты. Сондықтан титулдық жекпе-жек алдында тағы бір жеңіс керек шығар», – деді Махачев.

Ислам Махачев өзінің басты қарсыласы ретінде экс-чемпион Камару Усманды атап өтті. Оның пікірінше, нигериялық файтердің тәжірибесі мен стилінен қауіптенуге болады.

«Усманның тәжірибесі көп. Соңғы жекпе-жегін көрдіңіздер ғой. Бакли – әлеуеті зор жас файтер, оған үміт артқандар да көп болды, бірақ Камару оны жаншып тастады», – деді Махачев.

Ол Усманды өзіне ең ыңғайсыз қарсылас деп санайтынын жасырмады.

«Камару мен үшін қолайсыз қарсылас дер едім. Өйткені ол да күреседі, соққысы да жақсы. Стильдеріміз ұқсас. Физикалық күш жағынан да кем түспейді, тіпті кей тұста басым болуы мүмкін. Сондықтан екеуара кездесу өте тартысты өтетіні анық», – деді чемпион.

Махачев Иан Гарриге қатысты да ойын ашық айтты. Оның пікірінше, ирландиялық файтер танымалдылығын арттыруға тырысқанымен, Конор Макгрегор деңгейіне жете алмайды.

«Гарри Конор сияқты бола алмайды. Қазір бәрі Конор болғысы келеді, бірақ ондай харизма ешкімде жоқ», – деді ол.

Реклама
Реклама