Америкалық сарапшы UFC чемпионы атанатын қазақстандық спортшыны атады

Редактор
14.01.2026, 10:30

Ол Алмабаевты әмбебап спортшы деп отыр. 

Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images

ММА туралы жазатын америкалық сарапшы әрі журналист Джейден Кейбл UFC-де ең жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың (23-3) болашағына жоғары баға берді.

Америкалық журналист Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында Алмабаевты дивизиондағы ең жан-жақты спортшылардың бірі деп атап, оның чемпиондық атаққа толық лайық екенін жеткізді.

«Қысқасы, Асу Алмабаев ­– дәл қазір аса жеңіл салмақтағы ең әмбебап файтер. Ол болашақта UFC чемпионы атанады. Манель Капемен айқасында қарсыласы ереже бұзып, бірнеше рет оның көзін шұқып алды», ­­– деп жазды Кейбл.

Еске салайық, Асу Алмабаев 28 ақпанда Мехикода өтетін UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегінде октагонға шығады. Қазақстан уақытымен 1 наурызға қараған түні ол жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі, UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен (29-3-2) күш сынасады.

Қазіргі таңда Алмабаев өз дивизионының рейтингінде жетінші орында тұр. Ал Морено үздік бестікке енген. Алдағы кездесу қазақстандық спортшы үшін титулдық айқасқа апарар жолда шешуші сынақтардың бірі болмақ.

Реклама
Реклама