Ол Шавкат бұдан да мықты болып оралуы керек деп санайды.
LFA лигасының ең жеңіл салмақтағы чемпионы Артем Белах қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың кезекті операциясынан кейінгі жағдайына қатысты ойын айтты.
Себебі жарақатына байланысты «Номад» тағы шамамен 10 ай октагонға шыға алмайды.
«Шавкаттың жарақат алып, тағы 10 айға қатардан шығып қалғанын түсінемін. Бұл шамамен екі жылға жуық үзіліс деген сөз. Өзім де жақында осындай жағдайға тап болдым, бірақ ол жарақатқа емес, ұйымдастыру мәселелеріне байланысты еді. Ал Шавкатқа келсек, ол міндетті түрде оралады. Оның камбэгі көпшілікке қызық болатыны сөзсіз, алайда ол өз деңгейін бұған дейін де талай рет дәлелдеді», - деді Белах Betonmobile-ге берген сұхбатында.
Чемпионның айтуынша, кәсіби спортшы тек тор ішінде ғана емес, өмірде де күресуге мәжбүр.
«Біз тек октагонда емес, күнделікті өмірде де күресеміз. Жарақаттың өзі - үлкен сынақ. Мен Шавкаттың бұл кезеңнен де сүрінбей өтетініне сенімдімін. Ол бұрынғыдан да мықты болып оралады. Жалпы, файтерлердің төзімділік шегі бөлек қой», - деп атап өтті ол.
Артем Белах Шавкаттың жарақаты дивизиондағы бәсекеге де әсер етіп отырғанын жасырмады.
«Қазір оның жоқтығы дивизиондағы қарқынды бәсеңдетті. Сондықтан Шавкаттың мүмкіндігінше тезірек оралғанын қалаймыз. Жарақаты оның болашақтағы өнеріне кері әсер етпесе екен деп тілеймін», - деді Белах.