«Тойынған спортшы залға келмейді». Дидар Сағадиев Шавкат Рахмонов жайлы сынға нүкте қойды

11.02.2026, 16:11

Ол Рахмоновтың мінезіне де тоқталды. 

Коллаж

Танымал спорт менеджері Дидар Сағадиев UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жарақатына, оның әлеуетіне және соңғы кезде жиі айтылып жүрген «тойынған спортшы» деген сыни пікірлерге қатысты ойын ортаға салды.

Менеджердің айтуынша, спортшының денсаулығы мен қалпына келу процесі бірінші орында тұруы керек.

«Егер операция шетелде жасалып, қалпына келу процесі де сол жақта өтсе, бұл әлдеқайда тиімді. Қазір оған қолдау көрсетіп жатқан адамдар көп, мүмкіндік те бар.

Негізі уақтылы жасалған операция мен дұрыс оңалту процесі әдетте оң әсерін береді. Сондықтан спортшы бұрынғыдан да мықты болып оралуы мүмкін. Себебі ол осы кезеңде дайындық процесін екі есе арттырып, әлсіз тұстарымен жұмыс істеуге мүмкіндік алады», – деп атап өтті маман.

Сағадиев Рахмоновтың мінезіне де тоқталып, Шавкаттың тәртіпке ерекше мән беретін спортшылардың бірі екенін алға тартты.

«Шавкат – өте салқынқанды жігіт. Сондықтан бұл сынақтан да сәтті өтеді деп сенемін», – дейді менеджер.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен сарапшылар арасында «Шавкат тойынды, бұрынғыдай аш емес» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Дидар Сағадиевтің осы тектес сындарға қатысты көзқарасын да білдік.

«Бұл – жай ғана өсек-аяң. Сырт көздің үстірт бағасы. Адамның ішкі психологиясын, ішкі дайындығын білмей тұрып ондай әңгіме айту – дилетанттық көзқарас.

Тойынған адам жаттығу жасамайды, маған сеніңіз. Жарақат алса, залға тіпті келмейді. Ондайдың талайын көріп жүрміз. Ал Шавкат жаттығуды тоқтатқан емес. Жалпы, Рахмонов – өзін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін жігіт. Артық сөзді жақтырмайды, нәтижемен ғана сөйлейді. Сондықтан «тойынған» деген әңгіме қисынсыз», – деді Сағадиев.

Реклама
Реклама