Ол қазақ спортшысының ықпалы туралы айтты.
Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров қазақстандық файтердің елдегі ММА дамуына қосқан үлесі туралы пікір білдірді.
– Рахмоновтың жұлдызды мәртебесін ескерсек, оның Қазақстандағы ММА дамуына әсері кезінде Хабибтің Дағыстан мен Ресейге ықпалымен пара-пар деуге бола ма? – деп сауал қойды Championat.com тілшісі.
Базров бұл салыстыруға байыппен жауап берді.
«Шавкат Қазақстандағы ММА-дің дамуына зор үлес қосты. Оның ықпалы Хабибтен кем емес. Шавкат Рахмоновтың әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүргенінің арқасында қаншама адам аралас жекпе-жекке келді. Көптеген балалар мен жасөспірімдер өзге спорт түрлерінен ММА-ге ауысты. Жастар Шавкатқа қарап бой түзейді, шабыт береді.
Мен бұған өзім куәмін. Әуесқой топтарды бұрын да жаттықтырдым, қазір де жаттықтырып жүрмін. Шавкаттың арқасында залға жаңа адамдардың көптеп келгенін анық көріп отырмын», – деді бапкер.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов қазір тізесіндегі ауыр жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Қазақстандық спортшы бұған дейін октагонға 2024 жылдың желтоқсан айында шықты.