Жарнама
Жарнама

«Соңғы мүмкіндік»: UFC-дегі үшінші жекпе-жегі алдында Дияр Нұрғожайға нақты тапсырма берілді

Редактор
06.03.2026, 17:08

Айқас 7-сінен 8 наурызға қараған түні өтеді. 

Chris Unger/Zuffa LLC

ММА жауынгері қазақстандық Фаниль Рафиков отандасы Дияр Нұрғожайдың алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді.

Дияр Нұрғожай бразилиялық Рафаэл Тобиасқа қарсы жекпе-жегін 7-сінен 8 наурызға қараған түні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC 326 турнирінде өткізеді. Бұл Нұрғожайдың UFC ұйымындағы үшінші айқасы болмақ. Бұған дейінгі екі кездесуінде ол қарсыластарынан тұншықтыру әдісімен жеңілген. Ал Рафаэл Тобиас үшін бұл ­– Дана Уайт жетекшілік ететін промоушендегі алғашқы жекпе-жек.

Фаниль Рафиковтың айтуынша, бұл кездесу Дияр Нұрғожай үшін өте маңызды.

«Меніңше, бұл Дияр үшін өзін дәлелдейтін соңғы мүмкіндіктердің бірі. Алдыңғы екі жекпе-жекте ол өз әлеуетін толық көрсете алмады. Айқастар тез арада партерге ауысып, сол жерде аяқталды. Негізі Дияр – жан-жақты әрі шебер спортшы: соққысы да мықты, күресе де алады. Әрине, партерде кемшіліктері бар, бірақ физикалық күшінің және нокаутқа жіберетін қуатты соққыларының арқасында ол бұрын бұл әлсіз тұстарын көп байқатпайтын. Алайда UFC деңгейінде бұл олқылықтар бұрынғыдан да айқын көріне бастады.

Бұл жекпе-жек көп нәрсені шешеді деп ойлаймын. Нәтиже ғана емес, айқастың қалай өтетіні де маңызды. Яғни Диярдың UFC-де қалуы немесе ұйымнан кетуі осы кездесудегі өнеріне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан ол бар күшін салып, мүмкіндігін толық көрсетуі керек. Бұл жерде ең бастысы – көрерменге тартымды, әсерлі жекпе-жек көрсету», – деді Рафиков Namys Fighting эфирінде.

Реклама
Реклама