Ол елімізде жекпе-жек өткізеді.
АҚШ-тың танымал файтері Энтони Петтис қазақстандық спортшы Әділ Боранбаевпен жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді.
Айқас 6 маусым күні Алматыдағы «Алматы Аренада» Orda Global Fights турнирі аясында өтпек. Әзірге бұл промоушен туралы және оның артында кім тұрғаны жайлы нақты ақпарат жарияланған жоқ.
39 жастағы Петтис (25-14) ММА-де соңғы рет 2022 жылы өнер көрсетіп, Professional Fighters League ұйымында екі рет жеңіліс тапқан. Бұдан кейін ол боксқа ауысып, Крис Авиламен жекпе-жекте ұтылып қалды.
Айта кетейік, Петтис жеңіл салмақта UFC чемпионы атағын 2013-2015 жылдар аралығында иеленген болатын.
Ал 41 жастағы Боранбаевтың (22-13-1) мансабы 2007 жылы басталған. Былтыр ол екі кездесу өткізіп, мамыр айында RCC турнирінде 39 секундта нокаутпен жеңілсе, қыркүйекте Алматыда өткен Absolute Championship Akhmat (ACA) турнирінде қарсыласына жол берді.