Жарнама
Жарнама

UFC-дің Ақ үйдегі тарихи турнирінде әйелдер жекпе-жегі болмайды

Редактор
Бүгін, 10:20

UFC Freedom 250 – 14 маусымда Вашингтондағы Ақ үйде өтетін тарихи турнир

X.com/@ufc

Дана Уайт алдағы тарихи турнирге қатысты маңызды шешімін түсіндірді. Оның айтуынша, АҚШ тарихында алғаш рет Ақ үй аумағында өтетін UFC жарысының кардында әйелдер жекпе-жегі болмайды.

UFC басшысы Times басылымына берген сұхбатында бастапқы жоспар бойынша әйелдер дивизионы да турнирге енгізілуі тиіс болғанын, алайда ұйымдастыру барысындағы бірқатар объективті себептер бұл шешімнің жүзеге аспауына әсер еткенін айтты.

«Иә, бастапқыда әйелдер жекпе-жегі болуы керек еді, мен де оны қаладым. Бірақ кейде ұйымдастыру процесі жоспарды өзгертуге мәжбүр етеді. Жарақаттар, жеке жағдайлар және уақыт үйлесімі сияқты факторлар көп нәрсеге әсер етеді», – деді Уайт.

Оның айтуынша, Ақ үйдегі ерекше форматтағы турнир үшін басты талап сенімді, кез келген жағдайға дайын және жоғары қысымда өнер көрсете алатын спортшыларды таңдау болған.

«Мен үшін ең маңыздысы – осындай ерекше ортада, қатаң қауіпсіздік пен жоғары жауапкершілік жағдайында өнер көрсете алатын файтерлер. Бұл жерде психологиялық тұрақтылық өте маңызды», – деп толықтырды ол.

UFC Freedom 250 – 14 маусымда Вашингтондағы Ақ үйдің оңтүстік көгалында өтетін тарихи турнир. Мұндай турнир әлемдік ММА тарихында алғаш рет АҚШ президентінің резиденциясында ұйымдастырылып отыр. Турнир АҚШ Тәуелсіздік декларациясының 250 жылдығы мен ел президенті Дональд Трамптың 80 жылдық мерейтойына арналған.

Ұйымдастырушылар арнайы октагон орнатып, шамамен 5000 көрерменге арналған ашық алаң дайындамақ. Кештің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы чемпион Илия Топурия мен уақытша чемпион Джастин Гэтжи арасында өтеді.

Реклама
Реклама

Материалда: