Ол бүгін қазақстандық Әділ Боранбаевпен кездесуі тиіс болған
UFC ұйымының жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Энтони Петтис Қазақстандағы жекпе-жегінің өтпейтінін ресми түрде мәлімдеді. Америкалық файтер 6 маусым күні Алматыда өтетін ORDA Global Fights лигасының алғашқы турнирінде қазақстандық Әділ Боранбаевпен кездесуі тиіс болған.
Жекпе-жек қарсаңында қос спортшы көз арбасу рәсімін өткізіп, кездесу толық келісілгендей көрінген еді. Алайда турнир күні Петтис әлеуметтік желідегі парақшасында күтпеген мәлімдеме жасап, айқастың болмайтынын хабарлады.
Экс-чемпионның айтуынша, промоушен өзіне алған келісімшарттық міндеттемелерді орындамаған. Осы себепті ол турнирден бас тартуға мәжбүр болғанын жеткізді.
«Қазақстан халқының көрсеткен қолдауы мен қонақжайлығына алғыс айтамын. Мұнда мені ерекше жылы қарсы алды, өзімді сыйлы қонақ сезіндім. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар келісілген міндеттемелерді орындамағандықтан, мен бұл турнирге қатыспаймын. Бұл жағдайдан қатты көңілім қалды және аталған промоутермен енді жұмыс істемеймін», – деп жазды Петтис.
Америкалық спортшы өз командасының бүкіл дайындық кезеңінде сабыр сақтап, барлық талаптарды орындағанын, алайда ұйымдастырушылардың әрекетінен компаниясы 800 мың доллардан астам шығынға ұшыраған.
Сондай-ақ Энтони Петтис қазақстандық қарсыласы Әділ Боранбаевтан кешірім сұрап, оған үлкен құрметпен қарайтынын айтты.
«Мен Қазақстанға толық дайын күйде келдім. Салмақ қуып, бірнеше айлық жаттығудан кейін жекпе-жекке сақадай сай болдым. Әсіресе Әділден кешірім сұрағым келеді. Онымен туған жерінде жұдырықтасуды асыға күттім», – деді файтер.
Петтис мәлімдемесінде Қазақстанға немесе жанкүйерлерге ешқандай өкпесі жоқ екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, барлық наразылығы тек ұйымдастыру жұмыстарына қатысты.
Айта кетейік, Энтони Петтис аралас жекпе-жекте соңғы рет 2022 жылы өнер көрсеткен. Ол кезде PFL лигасында шотландиялық Стивен Рэйге қарсы екі жекпе-жекте де жеңіліс тапқан болатын. Ал Әділ Боранбаев соңғы кездесуін 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы ACA 192 турнирінде өткізіп, қырғызстандық Әли Машраповқа төрешілердің екіұдай шешімімен есе жіберген еді.