UFC жұлдызы қарсыласынан айырылды
UFC ұйымының жеңіл салмақтағы рейтингі жоғары файтерлерінің бірі Умар Нурмагомедов шілде айында Абу-Дабиде өтетін турнирде өнер көрсете алмайтын болды. Бұған оның қарсыласы Дэвид Мартинестің жарақат алуы себеп.
Жекпе-жектің тоқтатылғанын ресейлік спортшының менеджері Али Абдель-Азиз әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бұған дейін Умар Нурмагомедов пен америкалық Дэвид Мартинес 25 шілдеде өтетін UFC Fight Night 282 турнирінде кездесуі тиіс болған. Алайда UFC рейтингінің тоғызыншы сатысында тұрған Мартинес жарақат алып, жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды.
Соған қарамастан, Нурмагомедовтың келесі қарсыласы анықталуы мүмкін. БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, ресейлік файтер енді қытайлық Сонг Ядонгпен кездесуі ықтимал.
Бұл жекпе-жек 29 тамыз күні Шанхайда өтетін UFC турнирінің басты оқиғасы болуы мүмкін.
Сонг Ядонг соңғы кездесуінде тәжірибелі бразилиялық Дейвесон Фигередоны мерзімінен бұрын жеңіп, қарсыласын тұншықтыру әдісімен тізе бүктірген болатын.
Айта кетейік, Умар Нурмагомедов 2025 жылдың қаңтарында UFC чемпионы Мераб Двалишвилиден төрешілердің бірауыздан шығарған шешімі бойынша жеңілген еді. Осыдан кейін ол қатарынан екі жеңіске қол жеткізіп, Марио Баутиста мен Дейвесон Фигередодан басым түсті.
Енді Нурмагомедовтың келесі жекпе-жегі тамыз айында Қытайда өтуі мүмкін.