Актер кинотеатрдағы күзет қызметінің әрекетіне наразылығын жеткізді
Қазақстандық актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтар өзі басты рөлдердің бірін сомдаған «Бишарашки» фильмінің ресми көрсетіліміне қатыса алмай қалды.
Өнер иесі бұл жағдай туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, кинотеатрдағы күзет қызметінің әрекетіне наразылығын жеткізді.
Еркебұланның сөзінше, премьера алдында ол көрермендермен ұзақ уақыт кездесіп, мыңға жуық жанкүйермен суретке түскен. Алайда кейін кино көрсетілетін залға кірмек болған кезде күтпеген кедергіге тап болған.
Актердің айтуынша, дәл осы сәтте күзет қызметінің қарым-қатынасы көңіліне қаяу түсіріп, салдарынан ол фильмнің ресми премьерасына қатыса алмай кеткен.
«Бәрімен суретке түсіп, залға қарай өтейін десем, мобилографым артта қалып қойыпты. Күзетшілерге «жігіттер, менімен бірге, өткізіп жіберіңдерші» десем, олар маған дөрекі сөйледі. Тіпті біреуі «түріңді жинап алшы» деді. Бұл сөз маған өте ауыр тиді», – дейді актер.
Актер мәдениетсіздік танытқан күзетшілердің әрекетінен кейін премьераға қатыспаған.
«Премьера деген мәдениетті жер болу керек қой. Амандық-саулық, «аға, өтіңіз» деген сияқты сыйластық болуы тиіс. Ал олар айналаны айқай-шу қылып жіберді. Түсінбестіктен кейін мен ол жерден бірден кетіп қалдым. «Бишарашки» фильмі бізді бишара қылып жіберді. Мұндай премьераның барынан жоғы», – деп түйіндеді Еркебұлан Тоқтар.