Жарнама
Жарнама

Макгрегор октагонға қайта оралуға дайындалып жатыр

Редактор
Бүгін, 14:36

Файтер тізесіне операция жасатып, оңалтуға кірісті

UFC

UFC-дің бұрынғы екі салмақтағы чемпионы Конор Макгрегор тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келу процесін бастағанын мәлімдеді.

Ирландиялық файтер отадан кейінгі суреті мен видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, қазіргі жағдайы туралы жазды.

«Операция аяқталды. Тізе қалпына келтірілді. Күмән келтірушілер сөйлей берсін. Мен ауырсынудан қашқан жоқпын, керісінше, оған қарсы тұрдым. Енді нағыз жұмыс басталады. Оралу маусымы дәл қазір басталды. Ешқандай оңай жол жоқ. Ешқандай сылтау жоқ. Тек қайта тұруға деген жігер бар», – деді Макгрегор.

Спортшы өзіне деген сенімі мықты екенін жеткізді.

Макгрегор 12 шілдеде бес жылдық үзілістен кейін UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы америкалық Макс Холлоуэй болды.

Алайда жекпе-жек небәрі бір минуттан кейін Макгрегордың оң тізесіндегі жарақатына байланысты тоқтатылды. Нәтижесінде Холлоуэй жеңімпаз деп танылды.

Кейін ирландиялық файтердің алдыңғы айқыш байламы мен менискісін жыртып алғаны анықталды. Осыдан кейін оған тізесіне операция жасалды. UFC басшысы Дана Уайттың айтуынша, 38 жастағы Макгрегор жарақатына байланысты шамамен бір жыл бойы октагонға шыға алмайды.

Макгрегор бұған дейін 2021 жылдың шілдесінен бері октагонға шықпаған еді. Сол кезде ол Дастин Порьеден аяқ сүйегінің сынуына байланысты жеңілген.

ММА-дегі кәсіби мансабында Макгрегор 22 жеңіске жетіп, жеті рет жеңілген. Ол бұған дейін UFC-дің жеңіл және аса жеңіл салмақ дәрежелерінде чемпиондық белбеулерді иеленген.

Реклама
Реклама

Материалда: