«ТМД-дағы ең тартысты төбелес болады»: Қуат Хамитов Александр Шлеменкомен жекпе-жегін жарнамалады

Редактор
28.02.2024, 14:21

Ол өзін қазақ MMA-сының өкіл әкесі де атады

instagram.com/kuat__khamitov

Аралас жекпе-жектен қазақстандық шебер Қуат «Найман» Хамитов ресейлік Александр Шлеменкомен төбелесетін болды. Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіде болжам ғана айтылғанымен, бүгін файтердің өзі келісімшартқа қол қойып, жекпе-жекті ресми жарнамалады.

Айта кетейік, Шлеменко – Bellator лигасының экс-чемпионы. Ол біршама уақыт спорттан қол үзіп, октагонға қайта оралмақшы. 

Хамитов пен Шлеменко арасындағы жекпе-жек 4 мамырда RCC турнирі аясында өтеді. Қазақстандық файтер бүгін келісімшартқа қол қойып, оны ресми жарнамалады.

«Бұл ТМД аумағындағы ең маңызды оқиға, ең тартысты төбелес болады деп уәде беремін. Қазақ MMA-сының өкіл әкесі мен Ресей MMA-сының аңызы арасындағы жекпе-жекті күтіңіздер», - деді ол өзінің Instagram-парақшасында.