Жарнама
Жарнама

Асу Алмабаев сегіз күнде екі жекпе-жек өткізеді

Редактор
17.08.2026, 18:44

Тамыз айының соңына дейін АҚШ пен Түркияда күш сынасады 

UFC

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев тамыз айының соңына дейін екі түрлі жекпе-жек спортынан сынға түседі. Отандасымыз алдымен АҚШ-та еркін күрес ережесі бойынша белдессе, араға сегіз күн салып Ыстанбұлда грэпплинг турниріне қатысады.

Алмабаев АҚШ-та NCAA тәжірибесі бар балуанмен кездеседі

22 тамызда Алмабаев АҚШ-тың Кливленд қаласында өтетін RAF 12 турнирінде өнер көрсетеді. 66 келі салмақ дәрежесіндегі белдесуде оның қарсыласы америкалық Джонни Диджулиус болады.

Диджулиус – студенттер арасындағы NCAA жарыстарында тәжірибе жинаған балуан. Оның студенттік күрестегі көрсеткіші – 115 жеңіс және 47 жеңіліс.

RAF 12 турнирінің басты оқиғасында UFC-дің бұрынғы чемпиондары Мераб Двалишвили мен Генри Сехудо реванш өткізеді.

Ыстанбұлда титулдық кездесу өткізеді

Араға сегіз күн салып, 30 тамызда Алмабаев Түркияның Стамбул қаласында өтетін ACBJJ 22 турнирінде дебют жасайды.

Қазақстандық спортшы No-Gi ережесі бойынша, яғни кимонсыз өтетін белдесуде Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен кездеседі. Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді.

Алмабаев пен Назрулоев арасындағы кездесу All-Stars Title Match мәртебесіне ие. Осылайша, қазақстандық файтердің ACBJJ-дегі алғашқы белдесуі бірден титулдық сипатта өтпек.

Турнир Ыстанбұлдағы Ora Arena-да ұйымдастырылады. Кештің басты кездесуінде UFC-дің бұрынғы файтері Забит Магомедшарипов Юсуф Залалмен белдеседі.

Алмабаев UFC-ден де ұсыныс күтіп отыр

Екі турнирге қатысатынына қарамастан, Алмабаев UFC-дегі мансабын да жалғастыруға дайын. Оның жаттықтырушысы Эдуард Базровтың айтуынша, команда қазіргі уақытта америкалық Брэндон Ройвалдан жауап күтіп отыр. Бұған дейін Ройвал қазақстандық файтерге жекпе-жек өткізуді ұсынған.

Алмабаев үшін UFC-дегі келесі кездесудің нақты күні аса маңызды емес — қазақстандық спортшы кез келген уақытта октагонға шығуға дайын.

UFC-дегі соңғы жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады

Алмабаев соңғы рет 27 маусымда Бакуде өткен UFC Fight Night 280 турнирінде октагонға шықты. Ол америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта «Сулоев созу» әдісімен жеңді. Осылайша, Алмабаев кәсіби мансабындағы 24-жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық файтердің жалпы рекорды – 24-3, ал UFC-дегі көрсеткіші – 7 жеңіс және 1 жеңіліс.

Реклама
Реклама

Материалда: