Ислам Махачев тарихи рекордтан кейін Хабибтің жеңістеріндегі рөлін айтты
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев өзінің жетістіктерінде Хабиб Нурмагомедовтің алатын орны ерекше екенін айтты. Ресейлік файтердің сөзінше, бұрынғы чемпионның жекпе-жек алдындағы кеңесі мен октагон бұрышындағы қолдауы оған үлкен сенім береді.
Махачев әсіресе Хабибтің жекпе-жек барысын дәл бағалап, раундтар арасында дұрыс тактикалық шешім ұсына алатынын атап өтті.
«Ол жекпе-жек алдында үнемі қажетті сөздерді айтып, жігерлендіреді әрі мойныңдағы жауапкершілікті сезіндіреді. Октагонда кез келген қателіктің құны өте жоғары. Ал раундтар арасында Хабиб жекпе-жектің қалай өтіп жатқанын бәрінен жақсы түсінеді: қай раундты жеңдің, қай жерде қарқын қосу керек, қай кезде бәсеңдеткен дұрыс – бәрін дәл айтады. Оның бұрышта болуы – мен үшін үлкен қолдау», – деді Махачев.
Айта кетейік, Махачев 16 тамызда өткен UFC 330 турнирінде Иэн Мачадо Гэрримен кездесіп, бес раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Төрешілер жекпе-жекті 49:46, 49:46 және 48:47 есебімен ресейлік файтердің пайдасына бағалады.
Осы жеңістің арқасында Махачев жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуін сәтті қорғап қана қоймай, UFC тарихындағы жаңа рекордтың иесі атанды. Бұл оның промоушендегі қатарынан 17-жеңісі болды.
UFC 330 турнирінде Хабиб Нурмагомедов Махачевтің бұрышында болып, жекпе-жек барысында оған нұсқау беріп отырды. Махачевтің айтуынша, бұрынғы чемпионның тәжірибесі мен қарсыластың әрекетін алдын ала болжай білу қабілеті оның командасы үшін маңызды артықшылықтардың бірі.