Жарнама
Жарнама

«Мансабын аяқтады»: Шавкат Рахмоновтың бапкері мәлімдеме жасады

Редактор
Бүгін, 17:00

Эдуард Базров Рахмоновтың октагонға оралуының ықтимал мерзімін атады

Steve Marcus / Getty Images

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов мансабын аяқтауды жоспарлап отырған жоқ. Оның бапкері Эдуард Базров бұл туралы Tengri Sport-қа берген сұхбатында айтып, спортшының жарақаттан кейінгі қалпына келуі жақсы жүріп жатқанын мәлімдеді.

Бапкердің сөзінше, Рахмонов қазір күнделікті жаттығуын жалғастырып жүр. Тізесі көп жағдайда толық жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Дегенмен толыққанды күрес пен грэпплинг жаттығуларына әлі кіріскен жоқ.

«Шон Брэди Шавкат туралы солай айтқанын естідім, бірақ ондай ақпарат жоқ. Аяғы оған толық күшпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тек грэпплинг пен күрестің толыққанды жаттығуларына әзірге кіріспеген. Күрестен жекелеген жаттығуларды, бокстағы тапсырмаларды орындай алады. Оның мансабын аяқтады деген сөз қайдан шыққанын түсінбедім», – деді Базров.

Сонымен қатар бапкер Рахмоновтың әзірге нақты қарсыласқа арналған толық оқу-жаттығу жиынын өткізе алмайтынын растады. Оның айтуынша, команда әдетте дайындықты үш кезеңге бөледі: алғашқысы Алматыда, екіншісі халықаралық жиында, үшіншісі жекпе-жек өтетін жерде ұйымдастырылады.

«Қазір Шавкат толыққанды жиын өткізе алмайды. Халықаралық жиынға барып, толық көлемде күресіп, грэпплингпен айналысып, жоғары жүктеме алу әзірге мүмкін емес. Ол аяғын қалпына келтіріп жатыр. Бұл оңай процесс емес», – деді маман.

Соған қарамастан, команда оңалту барысына көңілі толатынын жеткізді. Базров операцияның сәтті өткенін және Рахмоновтың жаттығуға деген ынтасы жоғары екенін атап өтті.

«Бәрі жақсы қалпына келуге қарай жүріп жатыр. Операция сәтті өтті, оңалту да жақсы өтуде. Ең бастысы – оның өзінде ниет бар. Аяғына көп жаттығу жасайды, күн сайын кем дегенде бір рет залға келеді», – деді бапкер.

Эдуард Базров Рахмоновтың октагонға оралуының ықтимал мерзімін де атады. Егер қалпына келу жоспары өзгермесе, қазақстандық файтер 2027 жылдың ақпанында немесе наурыз айының басында жекпе-жек өткізуі мүмкін.

«Егер бәрі біздің жоспарымыз бойынша жалғаса берсе, Шавкат шамамен ақпан айында немесе наурыздың басында оралуы мүмкін», – деді ол.

Рахмонов соңғы рет 2024 жылғы 8 желтоқсанда UFC 310 турнирінде Иэн Мачадо Гэрримен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жеткен еді. Содан бері жарақат пен операцияға байланысты октагонға шыққан жоқ.

Реклама
Реклама