Оқиға Астанада өткен IBA Nomad халықаралық турнирінен кейін болған
ММА файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Алматы прокуратурасының хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Еркебұлан Тоқтардың көпшілік алдында балағат сөздер айтқан видеосы анықталған.
«Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды. Сот қаулысымен Еркебұлан Тоқтар кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Оқиға Астанада өткен IBA Nomad халықаралық турнирінен кейін болған. Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық муай-тай шебері Бобиржон Исроиловты мерзімінен бұрын жеңген еді.
Жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында Тоқтар мен өзбекстандық файтер Оғабек Абдумуминов арасында сөзге келу болған. Қазақстандық спортшы қарсыласына ауыр сөздер айтып, әдепсіз сөздер қолданған. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетті.