Жарысқа дейін ол медициналық тексерістен өткен
Ақтауда NOMAD MMA бойынша өткен облыстық чемпионат кезінде 17 жастағы спортшы қайтыс болды. Бұл туралы өңірдегі аталған спорт федерациясының өкілдері хабарлады.
Қайғылы оқиға кеше Ақтаудағы «Батыр» спорт кешенінде тіркелген көрінеді.
«Жекпе-жек кезінде 17 жастағы спортшы құлап қалды. Оған алғашқы көмекті "Батыр" спорт кешенінің медициналық қызметкерлері көрсеткен еді. Сонымен бірге, оқиға орнына жедел жәрдем келді. Өкінішке қарай, жас жігітті өлімнен құтқара алмады. Турнир басталмас бұрын жаттықтырушы өтінім берген кезде қатысушының жарысқа дайындығын растайтын медициналық анықтама берді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Құзырлы органдар болған оқиғаның барлық мән-жайын зерттеп жатыр. Біз жақын жандарына қайғырып көңіл айтамыз», - деп жазды Маңғыстау облыстық Nomad MMA федерациясының өкілдері.
NOMAD MMA спортынан балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Маңғыстау облыстық чемпионаты 30-31 наурыз күндері өтіп, оған 300-ге жуық спортшы қатысты.