Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың октагонға қашан оралатыны белгілі болды

Редактор
10.04.2024, 13:58

Биыл жазда Сауд Арабиясында үлкен UFC турнирі өтеді

instagram.com/shavkatrakhmonov94

DAR TEAM командасының басшысы Бауыржан Уталиев Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың октагонға оралатын уақытын айтты.

Айта кетейік, Рахмонов соңғы жекпе-жегін былтыр желтоқсанда өткізсе, Алмабаев наурыздың 9-да төбелесті. Екеуі де кездесуін жеңіспен аяқтады.

Ал, биыл жазда Сауд Арабиясында кезекті UFC турнирі өтеді. Онда қазақ файтерлерінің жекпе-жек өткізу мәселесі әлі шешілмеген.

«Біздің жоспарымыз бар. Абу-Дабидегі турнир 3 тамызда болады. Ал, Асу оған дейін жекпе-жек өткізеді. Шавкатта керісінше, кейінірек болады. Асудың қарсыласы кім болары әзірге белгісіз, кейінірек ол туралы айтамын», - деді Уталиев NAIZA TV YouTube-каналына берген сұхбатында.

Рахмонов былтыр соңғы жекпе-жегін америкалық Стивен Томпсонға қарсы өткізіп, уақытынан бұрын жеңіске жеткен болатын. Сол кездесуде ол аяғын жарақаттап алған. Қазір жарақатын емдеп жатыр.

Асу Алмабаев болса наурызда Майамиде өткен UFC турнирінде америкалық Си-Джей Вергараны төрешілер шешімімен жеңді.