Мен психикалық аурумын, маған дәрі керек – Мария Агапова тағы мәлімдеме жасады

Редактор
23.05.2024, 02:27

Ол бұған дейін өзін белгісіз біреудің секс-құлдыққа сатпақ болғанын айтқан еді

UFC

Жуырда ғана көпшіліктен материалдық көмек сұрап әлеуметтік желіде жазба қалдырған қазақстандық файтер Мария Агапова тағы мәлімдеме жасады. Sport+ тілшісіне берген сұхбатында танымал спортшы әзірге тек 200 доллар ғана жиналғанын айтып отыр. Ал, бұл қаражат АҚШ-та тек бір аптаға ғана жетеді дейді ол.

Еске салайық, UFC файтері бірер күн бұрын өзінің Instagram-парақшасында үй-күйсіз далада қалғанын жазған болатын. Тіпті, белгісіз біреулер оны секс-құлдыққа сатпақ болғанын да айтқан. Сөз соңында спортшы көпшіліктен материалдық көмек және үйсіздерге арналған приюттың мекен-жайын сұрады.

Ал, БАҚ-қа берген сұхбатында Мария өзінің психикалық ауруы бар екенін және емделуге де қаражат керек екенін айтты.

«Баспанадан бөлек, маған тамаққа және дәрі-дәрмекке ақша керек. Себебі, мен психикалық ауытқуы бар адаммын. Дәрі-дәрмексіз ұйықтауым мүмкін емес. Менің есепшотыма адамдар 200 доллар қаражат жіберді. Бұл ақша маған аптаның аяғына дейін ғана жетеді. Содан кейін Техасқа кетемін, сол жақтан аздап ақша табуым керек»,- деді ол.

Мария Агапова UFC лигасында бес жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жеткен. Аталған ұйым оған маусым айында алтыншы жекпе-жегін өткізуге мүмкіндік берді. Осы төбелеске дайындалудың орнына Агапова қазір баспана мен қаражат іздеумен айналысуда.

Файтер демеуші тапқан адамға, жекпе-жектен түскен табысының  10 пайызын табыстауға уәде беріп отыр.

Материалда: