Ислам Махачев кезекті жеңісіне жетіп, UFC чемпионы атағын сәтті қорғады (ВИДЕО)

Редактор
02.06.2024, 10:24

Дағыстандық файтерді октагонға әйгілі Хабиб Нурмагомедов алып шықты

UFC

Ресейлік аралас жекпе-жек шебері Ислам Махачев Ньюаркте (АҚШ) өткен UFC 302 турнирінде америкалық Дастин Порьені мерзімінен бұрын жеңіп, UFC чемпионы атағын үшінші рет қорғап қалды.

Кездесу соңғы бесінші раундта қылқындыру әдісімен аяқталды. Төрт раунд бойы аяқта тұрып, аса тәжірибелі Махачевпен ашық төбелескен Порье соңғы раундта дағыстандық файтердің қолына түсіп қалды. Осы сәтті ұзақ күткен Ислам мүмкіндікті құр жіберген жоқ.

Еске салайық, былтыр қазан айында Абу-Дабиде өткен UFC 294 турнирінде Ислам Махачев австралиялық Алекс Волкановскиді бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Бүгінде оның еншісінде 26 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Ал, Дастиннің бұл тоғызыншы жеңілісі. Октагонда ол 30 рет жеңіске жеткен.