Қазіргі таңда Қазақстандағы жастарға Шавкат Рахмоновтың жетістігі үлкен мотивация болып отыр
Аралас жекпе-жектен «Naiza» лигасының президенті Нұрбек Қарабала «Хабар Like» бағдарламасында қонақта болып, аралас жекпе-жек спортына қатысты өз білгенімен бөлісті.
Оның айтуынша, жекпе-жек спортына әдетте әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары жиі келеді екен. Яғни, MMA – қара күші мен маңдай терінің арқасында даңғыл жолға түсуді армандаған жастардың спорты деуге болады.
«ММА жағдайы бар адамның спорт емес. Басында бұл жерге Шавкат секілді бір бөлмелі пәтердің асүйінде ұйықтап жүретін, ақшасы жоқ жігіттер келеді. Арба итеріп жүрген Асу Алмабаев, Жалғас Жұмағұловтар көшеде жүріп, өздерін таба алмай, еңбектеніп, спорт арқылы үлкен жетістікке жетіп жатыр. Шавкаттың сыйақысын, оған елімізде көрсетіліп жатқан құрметті айтатын болсақ, беріліп жатқан келісімшарттарды сараптайтын болсақ, бұл спорт түрінің үлкен әлеуметтік жеделсатыға айналғанын түсінеміз. ММА – біздің қазақ жігіттері үшін әлеуметтік жеделсаты», - деді Нұрбек Қарабала.
Ол жауынгерлерді көшеден тауып алғанын да жоққа шығармады.