Даңқты файтер Хабиб Нурмагомедовке қатысты іс қозғалды

Редактор
24.07.2024, 11:04

Оның шетелге шығуына да тыйым салынған

@khabib_nurmagomedov

Ресейде UFC-дің экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедовке салық төлемегені үшін іс қозғалды деп хабарлады РБК. Дағыстан Республикасы бойынша салық басқармасының мәліметінше, спортшының қарызы 79 376 334,14 рубльге жеткен.  

Шілде айының басында Ресейдің салық қызметі Нурмагомедовтің шоттарындағы 297 миллион рубльді салық төлемегені үшін бұғаттаған болатын. Тексеру нәтижелері бойынша спортшының оны өтеуге жеткілікті уақыты болған. Алайда, ол салыққа салғырт қараған көрінеді.

Аталған салық қарызына байланысты Нурмагомедовке Ресей аумағынан шығуға тыйым салынған.

Хабиб Нурмагомедов октагонда 29 рет жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жетті. Ол 2018 жылдың сәуірінде жеңіл салмақтағы UFC чемпионы атағын жеңіп алды. 2018 жылы Конор Макгрегормен жекпе-жегі ММА тарихындағы ең көп табыс әкелген кездесу болды. Дағыстандық файтер өзінің соңғы жекпе-жегін 2020 жылдың қазан айында Джастин Гэтжиге қарсы өткізіп, содан кейін спорттық мансабын аяқтады.