«Мен лайықтымын»: Шавкат Рахмонов желтоқсанда чемпиондық титулға төбелесуге дайын

Редактор
23.08.2024, 09:37

Ол соңғы рет 2023 жылдың желтоқсан айында октагонға шыққан болатын

Getty Images

UFC лигасында жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Шавкат Рахмонов (18-0) биыл әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге лайық екенін мәлімдеді. Ол қазір әлемдің рейтингте үшінші орында тұрса, чемпиондық титул Белал Мұхаммедке (24-3) тиесілі.

Белал Мұхаммед жуырда MMA Junkie-ге берген сұхбатында биыл 7 желтоқсанда чемпиондық атағын қорғайтынын мәлімдеген болатын. Ол өзіне қарсылас ретінде қазақ файтері Шавкат Рахмоновты немесе нигериялық Камару Усманды (20-4) қарастыратынын айтты.

Шавкат болса Белалдың ойланатын жайы жоқ деген пікірде. Өйткені, Камару Усман соңғы үш жекпе-жегінде жеңіліп қалған. Ал, қазақ файтері 18 жекпе-жектің бәрінде мезгілінен бұрын жеңіске жетіп келеді.

«18-0 рекорды және мезгілінен бұрын 100% жеңіс пе, әлде соңғы үш жекпе-жектегі жеңіліс пе? Менің ойымша, титул үшін келесі кім төбелеседі деген сұрақ туындамауы керек», - деп жазды Рахмонов X әлеуметтік желісінде.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов былтыр желтоқсан айында америкалық Стивен Томпсонды жеңгеннен кейін октагонға әлі шыққан жоқ.