Шавкат Рахмонов Белал Мухаммадпен қашан жекпе-жекке шығатынын айтты

Редактор
21.09.2024, 10:44

Қазақстандық файтер 18 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен

Vesti.kz

UFC-де өнер көрсететін қазақ файтері Шавкат Рахмонов чемпиондық титул үшін қашан октагонға шығатынын мәлімдеді. Блогер Мухаммед Бердивеке сұхбат берген отандасымыз биылдан қалмай белбеуге қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп отыр.

Айта кетейік, Шавкат өнер көрсететін жартылай орта салмақтың чемпиондық титулы америкалық Белал Мухаммадқа тиесілі.

«Менің келесі жекпе-жегім чемпиондық титул үшін болуы керек. Мен бұған лайықтымын. Белал да қарсы емес. Бірақ, неге екенін білмеймін, созбалақтап келеді. Менің ойымша, желтоқсан айы екеумізге де ыңғайлы болады.

Усманға ұсыныс айттық, ол келіскен жоқ. Хамзатпен де төбелесе алмаймын, ол басқа салмақта өнер көрсетеді. 77 келіде кез келген файтермен жекпе-жекке дайынмын, маған белбеу керек», - деді Рахмонов.

Айта кетейік, бұған дейін Белал Мухаммад чемпиондық белбеуін қорғау үшін не Камару Усманмен, не Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек өткізетінін мәлімдеген.