Шавкат Рахмонов пен Белал Мухаммад желтоқсанда жекпе-жекке шығады – инсайт

Редактор
03.10.2024, 00:51

Бәске америкалық спортшының чемпиондық белбеуі тігіледі

FightTime

Әлі жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов әлем чемпионы титулы үшін биыл желтоқсанда Белал Мухаммадпен жекпе-жек өткізуі мүмкін. Бұл туралы Eurosport Nederland журналисі Марсель Дорфф Sports.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

Ол тіпті жекпе-жектің өтетін күні мен елді де атады.

«Белал мен Шавкат арасындағы жекпе-жектің өту мүмкіндігі өте жоғары. Менің ойымша, бұл айқас UFC 310 турнирінде болады», - деді журналист.

Аталған турнир биыл 7 желтоқсанда Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Әзірге бұл кеште нақты кімдердің жекпе-жекке шығатыны белгісіз. Жаңа жыл алдында UFC Белал Мухаммадтың чемпиондық титулын сарапқа салуы әбден мүмкін.

Айта кету керек, екі файтер жаз айларынан бері бірін-бірі октагонға шақырып жүр. Дегенмен, қос тараптың менеджерлері әлі келіссөз бастамаған.