Ресейлік MMA лигасы қазақ файтерін қуып шықты

Редактор
02.11.2024, 16:58

Жетісайлық спортшы ұйымдыстырушылар мен қарсыластарын сыйламайтын көрінеді

instagram.com/bagdos_olzhabai

Бүгін қазақстандық Бағдос Олжабай (16-4) Санкт-Петербургте АСА 181 турнирінде бақ сынауы керек еді. Алайда, ресейлік Рустам Керимовпен (20-1) жекпе-жек өтпей қалды, себебі Олжабай салмақ өлшеу рәсіміне келген жоқ. 

Олжабай өзінің Instagram-дағы парақшасында салмақ қуу кезінде денсаулығы нашарлағанын хабарлады. Негізі жетісайлық спортшы АСА-да бір айқас өткізген, ақпан айында ол бразилиялық Луис Рафаэль Лаурентиноны жеңген болатын. 

АСА-ның вице-президенті Магомед Бибулатов Олжабайдың лигадан қуылғанын мәлімдеді, оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтың айқастан бас тартуы бірінші рет емес.

«Бағдос Олжабай салмақ өлшеу рәсіміне қатыспағаны және айқасқа нақты себепсіз қатысудан бас тартқаны үшін АСА-дан шығарылды. Бағдостың жекпе-жекке қатыспауы бірінші рет емес. Біздің лигада мұндай әрекетке жол жоқ. Қарсыласыңызды, ұйымдастырушылар мен өз еңбегіңізді құрметтеңіз», - деді ол.

28 жастағы Олжабай кәсіби карьерасын 2019 жылы бастаған. Негізінен ол Alash Pride-та өнер көрсетіп, титулға дейін жеткен. Сонымен қатар, ол Bushido Kazakhstan, қытайлық Dacheng Wuyi және БАӘ-нің UAE Warriors лигаларында бақ сынады.

Енді АСА сапында елімізден тек Артем Резников қалды.